Халықпен кездесу барысында білім беруден бастап бизнесті дамытуға дейінгі өмірдің барлық салаларына қатысты көптеген мәселелер көтерілді. ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева ауылдағы мектеп қалыпты техникалық жағдайда екенін, сапалы оқу үдерісіне қажетті барлық заттармен жабдықталғанын, тек спортзалда жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екенін атап өтті.
Маралды ауылындағы алтын өндіру фабрикасының басшылығы басқа да әлеуметтік міндеттемелермен қатар жергілікті мектептің барлық түлектерін жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқытуға ақы төлейтін болмақ.
Биыл ШҚО-да жолдар жылы аясында Маралды ауылына дейін 15 шақырым жолды асфальттау жоспарлануда, бұл мақсаттарға 750 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, Күршім-Қалжыр жолының 131 шақырымы асфальтталады.
Сондай-ақ, халықпен кездесуде Қойтас және Қыстау ауылдарындағы көпірлердің жағдайы талқыланды. Оларды айналып өтуге уақытша жол салынады, ал толық жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындық үстінде.
Маралды тұрғындары ауыл туризмін дамыту мәселесін көтерді. ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ауданның әлеуеті бар екенін, бірақ тұрғындардың өздері де туристерді тарту үшін күш салуы тиіс екенін атап өтті.
ШҚО әкімінің бірінші орынбасары кездесуде айтылған елді мекенді абаттандыру, жарықтандыру, ауыз сумен жабдықтау және ұзындығы үш жарым шақырымға жуық кентішілік жолдарды жөндеу мәселелері назарға алынатынын атап өтті. Сондай-ақ, хоккей алаңын асфальттау, бордақылау алаңын және мал қорымын салу мәселесі қаралады.